Джордж Уошингтон

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
 Басқа мағыналар үшін Вашингтон (айрық) деген бетті қараңыз.

Джордж Уошингтон
ағылш. George Washington
Джордж Уошингтон
Лауазымы
Ту
Ту
АҚШ-тың 1-президенті
Ту
Ту
30 сәуір 1789 — 4 наурыз 1797
Вице-президент Джон Адамс
Ізашары лауазым құрылған
Ізбасары Джон Адамс
Ту
Ту
АҚШ армиясының бас қолбасшысы
Ту
Ту
13 шілде 1798 — 14 желтоқсан 1799
Президент Джон Адамс
Вице-президент Томас Джефферсон
Ізашары Джеймс Уилкинсон
Ізбасары Александр Гамильтон
19 маусым 1775 — 23 желтоқсан 1783
Ізашары лауазым пайда болды;
тұңғыш қолбасшы ретінде өзі
Ізбасары Генри Нокс
Өмірбаяны
Діні Англиканизм
(Епископтық шіркеу)
Дүниеге келуі 22 ақпан 1732 (1732-02-22)
Бриджс-Крик, Виргиния, Британдық Америка
Қайтыс болуы 14 желтоқсан 1799 (1799-12-14) (67 жас)
Маунт-Вернон, Виргиния, АҚШ
Жерленді Маунт-Вернон, Виргиния
Әкесі Августин Уошингтон
Анасы Мария Бол Уошингтон
Жұбайы Марта Дандридж Уошингтон
Балалары асыранды
Дэниел
(1751—1754)
Фрэнсис
(1753—1757)
Джон
(1754—1781)
Марта
(1756—1773)
Қолтаңбасы Қолтаңбасы
Джордж Уошингтон Ортаққорда

Джордж Вашингтон (ағылш. George Washington; 22 ақпан 1732[1][2], Бриджс-Крик, Виргиния отары, 14 желтоқсан 1799, Маунт-Вернон, Виргиния) — американдық мемлекет, саяси және әскери қайраткер, АҚШ-тың тұңғыш президенті (1789—1797). АҚШ тәуелсіздігі үшін соғыста Континентальді Армияның Ұлыбританияны жеңуіне жетекшілік еткен. Құрама Штаттардың негізін қалаушылардың бірі. Вашингтон 1788 ж. бірауыздан АҚШ президенті болып сайланды. Президент қызметін екі мерзім атқарды.

Өмірінің бастапқы кезеңдері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Уошингтонның туған жері

АҚШ тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірі Джордж Уошингтон 1732 жылы 22 ақпанда Солтүстік Америкада, Виргиния штатындағы Уэстморлэнд маңында дүниеге келді. Оның әкесі Августин Уошингтон сол кездегі ірі плантаторлардың бірі болды. Қайсар да, еңбекқор Августин баласы он бір жасқа тола бере дүниеден өтеді, жас Уошингтон әкесінің ағасы Лоуренстің қолында өседі. Оның әйелі Аннаның ағылшындық дворяндық әулеттен болуы Джордждың жақсы тәлім-тәрбие мен білім алуына мүмкіндік береді. Олар Джорджды қамқорлығына алып, ешқандай мұқтаждық көрмеуін қадағалайды.

Алғашқыда жер өлшеуші мамандығы бойынша оқыған жас Джордж математика мен топографияны жақсы меңгереді, бірақ көп ұзамай әскери жолды таңдауға бел буады. 1751 жылы Джорджға әкесінің Огайо өзені бойындағы плантация мұрагерлікке беріледі. Көп ұзамай баласындай тәрбиелеп өсірген Лоуренс те өкпе ауруынан қайтыс болады. Алғашқыда өз плантациясында еңбек еткен Джордж өз штатындағы әскери қимылдарға қатысады және майор әскери шеніне ие болады. Бұл кезде Жетіжылдық соғыс жүріп жатқан болатын. Бұл соғыс XVIII ғасырдағы ең ірі жанжалдардың қатарынан орын алады. Жетіжылдық соғыс Еуропа мен Солтүстік Америкада ғана емес, Үндістан мен Филиппин жерінде де жүрді. Оған негізінен еуропалық ірі державалармен қатар орта және ұсақ елдер де, Солтүстік Америкадағы кейбір үндіс тайпалары да қатысты. Солтүстік Америкадағы ағылшын отары қатарында бұл соғысқа Джордж Уошингтон да қатысты.

Жеті жылдық соғыс кезіндегі Уошингтон

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Уошингтонның Огайо журналындағы (Journal to the Ohio) картасы (1753–1754).

1754 жылы Джордж Уошингтон Огайо өзені аймағында шағын әскери экспедицияны басқарады. Француздарды осы аймақты ұрыссыз тастап шығуға көндірмек болған Уошингтонның әрекетінен ештеңе шықпайды. Оның шағын отряды тосқауылға тап болып француздарға тұтқынға түсіп қалады. Бірақ француздар тұтқындарға мейірімділік танытып оларды ағылшын әскерлері бақылау жасап отырған Виргиния штатына қарай жібереді. 1755 жылы Уошингтон Виргиния штаты жасақтарының қолбасшысы болып тағайындалады және подполковник шеніне ие болады. Ол сонымен қатар Виргиниядағы британ әскерлерінің бас қолбасшысы генерал Эдвард Брэдоктың де көмекшісі болады. Олар тағы да Огайо жазығына жорық жасайды және екінші рет француз әскерлерінің тосқауылына тап болып, генерал Брэдок оққа ұшады. Әскерге басшылық жасауды қолға алған Уошингтон жауынгерлерді қоршаудан алып шығады. Осы әрекеті үшін оған генерал шені беріледі.

1756 жылдан бастап Уошингтон Виргиния шекарасын қорғауды басқарады. 1757 жылдың соңында Солтүстік Америкадағы француз әскерлері толық толқандалады. Соғыс аяқталғандықтан Уошингтон ағылшын әскері қызметінен босатылды.

Маунт-Вернондағы өмірі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Cоғыс аяқталған соң ол өз плантациясына келіп шаруашылықпен айналысады, темекінің жаңа түрлерін өсіреді. 1759 жылы жесір Марта Дэндриджге үйленеді. Мартаның алғашқы некесінен туған екі ұлымен бірге олар өздерінің плантациясында, Маунт-Вернонда салауатты өмір кешеді.

Жеті жыл ішінде Маунт-Вернонға екі мыңдай қонақ келеді. Олар әртүрлі тақырыптарды сөз етеді, талқылайды, өздерінің көзқарастарын білдіреді. Осылайша Маунт-Вернон саяси пікірталас клубының орталығына да айналады. Осы жылдары Уошингтонның саяси көзқарасы қалыптасып, ол Виргиниядағы ең ықпалды саяси тұлғалардың қатарына қосылады. Колледждік деңгейде де білім алмаған Уошингтон білімін өздігінен толықтырады және Солтүстік Американың тәуелсіздігі туралы көзқарасын ашық білдіре бастайды.

АҚШ тәуелсіздігі үшін күресі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Трентондағы генерал Джордж Уошингтон John Trumbull суреті (1792).

1758-1774 жылдары Виргиния заң шығару жиынына мүше болады. 1769 жылы Виргинияда метрополияның, яғни Англияның тауарларына бойкот жариялайтын бірлестік құрылады. 1774 жылы Бірінші континенталды конгрес құрылғанда, оның алғашқы жеті делегатының бірі болған Уошингтон көп ұзамай континенталды армияның бас қолбасшысы болып сайланады. Ол ең алдымен әскери тәртіп пен әскери шеберлікті нығайтуға күш салды. Осылайша мықты да тәртіпті әскер құрылады. Нәтижесінде Уошингтон басқарған армия алғашқы ұрыстардан бастап-ақ жеңіске жете бастайды. 1775 жылы ірі Бостон қаласын қоршауға алады және бірнеше ұрыстардан кейін 1776 жылы наурызда ағылшын әскерлері Бостонды тастап шығуға мәжбүр болады. 1776 жылы 4 маусымда Филадельфия Конгресі он үш штаттың тәуелсіздігін жариялайды.

Уошингтон Делавэр өзенін кесіп өтуде, 25 желтоқсан 1776 жыл. (Emanuel Leutze, 1851)

Бостон қаласын алғаннан кейін Джордж Уошингтон Нью-Йорк қаласын ұстап тұруға әрекеттенеді. Бірақ ағылшындарға қосымша әскери көмек келіп үлгереді. Гудзон өзені арқылы келген ағылшындар адам саны жөнінен де, қару түрінен бірнеше есе асып түскендіктен Уошингтон Нью-Йорк қаласын тастап шығып Пенсильванияға қарай шегінеді. Үш мыңнан сәл ғана асатын әскердің 30 мыңдық ағылшын армиясына төтеп беруге шамасы келмейді. Сонымен бірге Уошингтон әскері азық-түлік пен оқ-дәріден де мұқтаждық көреді. Уошингтон кенеттен шабуыл жасау тактикасын қолданып бірнеше рет жеңіске жетеді, азық-түлік пен оқ-дәріге де ие болады. Трентон маңындағы шайқаста Уошингтон әскері 900 ағылшын әскерін және ірі қару-жарақ қоймасын қолға түсіреді.

Генерал Уошингтон мен Лафайет Вэлли-Форджтағы армияны тексеру үстінде .

Уошингтон 1777 жылы жаңа тәуелсіз мемлекеттің астанасы болған Филадельфия қаласын ағылшын әскерлерінің шабуылынан сәтті қорғайды. Осы жылы Саратоге маңындағы шайқаста британдық генерал Джон Бэрджойнның әскері қоршауға алынады және олар бірнеше күннен кейін берілуге мәжбүр болады. Бұл жеңістердің ешқайсысы оңай келген жоқ. 1777-1778 жылдары ауыр қыста Уошингтон әскерінің көптеген жауынгері суық пен аштықтан да аурудан да өлген еді.

Тәуелсіздік үшін күресушілердің жағдайы 1778 жылдың жаз айында Францияның Англияға қарсы соғыс жариялауынан кейін біршама түзеле бастайды. Уошингтон әскері француздардан әскери қару-жарақ көмегін алады. Франция флоты ағылшындардың теңіз күштерін әлсіретуге де көмек береді, ағылшындардың теңіз арқылы келетін көмегі шектеледі. 1779 жылы Англияға қарсы Испания, 1780 жылы Голландия соғыс жариялайды. Сондықтан да ағылшындар негізгі әскери күштерін Еуропа жеріне аударады. Дегенмен де Солтүстік Америкадағы ұрыс әрекеттері тоқтамайды. Шешуші ұрыс қимылдары 1780 жылы жүргізіледі. Солтүстік және Оңтүстік Каролинадағы ұрысқа басшылық еткен британдық Чарльз Корнваллис әскері Чарльстонды басып алады және 16 тамызда Камден түбіндегі шайқаста американдықтарды жеңеді. Осыдан кейін Оңтүстік және Солтүстік Каролина штаттары қайтадан ағылшындықтардың бақылауына өтеді. Бірақ көп ұзамай Уошингтон серіктерінің бірі генерал Натаниял Грин басқарған американдықтар ірі жеңіске жетеді. Ағылшындар екі Каролина жерін де тастап шығуға мәжбүр болады. Бұл аймақта олардың иелігінде Чарльстон округі ғана қалады.

1781 жылы қыркүйекте Уошингтонның 11 мыңдық әскері француз генералы Жан Батиста Рошамбаның 7 мыңдық әскерінің қолдауымен Йорктауын қоршауын бұзып өтеді. Осы жылы 19 қазанда 8 мыңдық Корнваллис әскері тізе бүгеді. Осылайша Солтүстік Америкадағы соғыс қимылдары іс жүзінде аяқталады.

1782 жылы 30 қарашада Парижде Құрама Штаттар мен Англия арасында бітімге қол қойылады. Англия Солтүстік Америкадағы өз отарларының тәуелсіздігін тануға мәжбүр болады. Бірақ Канада Англияның қол астында қалады. 1783 жылдың соңында британ әскерлері АҚШ жерін түпкілікті тастап шығады. Сонымен қатар ағылшындар қатарында соғысқан, штаттардың тәуелсіздігіне қарсы болғандар да Америкадан кетеді. Олар бүкіл отбасы мүшелерімен бірге 100 мыңдай адамды құрады.

1783 жылдың соңында континенталды армия таратылады. Бас қолбасшы Уошингтон өзінің өкілеттігін өз еркімен тоқтатады және өзінің имениесі Маунт-Вернонға көшіп келеді. Бірақ саяси қызметін тоқтатпайды, елде болып жатқан саяси жағдайды бақылауын жалғастырады, штаттар үкіметтеріне үнемі хат жолдап елдің ыдырауына жол бермеу үшін орталық билікті күшейту жөнінде ақыл-кеңестер берумен болады.

Кейінгі кезеңдер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Уошингтон Құрама Штаттар Конституциясына қол қою үстінде, 17 қыркүйек 1787 жыл, Howard Chandler Christy салған сурет, 1940 жыл.

Тәуелсіздік үшін күрес жылдарындағы Уошингтонның беделі мен абыройы ол қызметінен кеткеннен кейін де арта түсті. Американдықтар оны ұлттық батыр мәртебесіне дейін көтереді. Оның атақ даңқы халықаралық қауымдастыққа да белгілі болды. Оның әскери ұйымдастырушылық қабілетімен қатар дипломатиялық өнері де Франциямен бірлесіп ағылшын метрополиясына қарсы коалиция құруға қол жеткізді.

1787 жылы Джордж Уошингтон Филадельфиядағы Конституциялық конвенттің төрағасы болып сайланады. Оның төрағалығымен АҚШ Конституциясы жасалып, 1787 жылы 17 қыркүйекте қабылданады. Уошингтон Конституция авторларының бірі болмағанымен ел Конституциясын қабылдау кезіндегі әртүрлі көзқарастар мен талас пікірлерді таразыға салуда, салмақтауда, оларды мәмілеге келтіруде үлкен табандылық пен батылдық танытады. Конвент төрағасы Уошингтонның басшылығымен әлемдік тарихтағы алғашқы Конституция дүниеге келді. Оның басшылығымен Конституцияға «Құқық туралы билль» деген атаумен белгілі болған тоғыз түзету енгізілді. Осы түзетулердің негізінде сөз, ар-ождан, жиналыс, одақтар құру, меншікке ие болу бостандықтары түпкілікті бекітілді.

Құрама Штаттардың бірінші президенті

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Гилберт Стюарт 1796 жылы салған Джордж Уошингтонның портреті

1789 жылы ақпанда Джордж Уошингтон АҚШ-тың тұңғыш президенті болып сайланады. Осы жылы 30 сәуірде президенттік ант беруден кейін жоғары лауазымдық қызметін бастайды. 1792 жылғы сайлау алды науқанға қатыспағанымен халықтың ұсынысымен екінші рет президенттік сайлауға түседі және таңқаларлық жеңіске жетеді. Оған таңдаушылардың 100 %-ы дауыс береді. Мұндай жағдай ел тарихында бұдан кейін қайталанған емес. Уошингтон үшінші рет сайлауға түсуден бас тартады және әрбір президентінің екі реттен артық сайланбауы керектігі туралы өз ойын білдіреді. Бұл дәстүр Франклин Рузвельттің төрт рет сайлануын есептемегенде әлі күнге дейін бұзылған емес. Екі реттен артық сайланбау нормасын 1950 жылдары АҚШ Конгресі заң жүзінде бекітті.

Джордж Уошингтон өзінің саяси қызметінде елде демократиялық үрдістерді және Конституцияға деген құрмет сезімін қалыптастыруға көбірек күш салды. Биліктің үш тармағы мен олардың тепе-теңдігін жетілдіруде де көп еңбек сіңірді. Уошингтон Конгреске Жолдау арнау тәжірибесін бастап берді. Қазір бұл үрдіс әлемнің көптеген елдерінде бар. Ол сонымен қатар АҚШ-тағы екі партиялық жүйенің негізін қалаушылардың да бірі болып табылады. Бұл дәстүр де қазіргі күнге дейін жалғасып келеді.

Джордж Уошингтонның Ұлтқа арнауын (19 қыркүйек, 1796 жыл)

1796 жылы қыркүйекте Джордж Уошингтон өзінің атақты Ұлтқа арнауын – қоштасу Жолдауын арнайды. Тұңғыш президент өзінің бұл Жолдауында штаттар арасындағы бірлікті нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіл ел болып күресуге, мемлекеттік қаржыны барынша үнемдеуге, бейбіт уақытта үлкен армия ұстамауды аманат етті, халықты саяси кикілжіңнен тартынуды, саяси партиялардың арзан сөзіне мұқият болуды, дін мен мораль қағидаттарын қатаң түрде сақтауды ұсынды.

Өмірінің соңғы жылдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Уошингтон өлім алдында

Джордж Уошингтон өмірінің соңғы жылдарын Маунт-Вернонда, өзінің отбасында және өзіне келушілер ортасында өткізді. Осы жерде жақын маңда салынып жатқан елдің болашақ астанасын жиі барып көріп тұрды. Кейіннен «Ақ үй» деп аталған Президент әкімшілігі ғимаратының орны да Уошингтонның таңдауымен жасалды. Көпшілік оның құрметіне «Джорджия» деп атаған Джоржтаун 1871 жылы Уошингтон қаласы болып АҚШ-тың астанасы атанды.

«Ұлт әкесі» атанған Джордж Уошингтон 1799 жылы 13 желтоқсанда салт атпен жүріп қар аралас жаңбыр асында қалып қойып суық тигізіп алады және пневмониядан денсаулығы күрт нашарлап келесі күні бұл дүниеден озады. АҚШ мемлекетінің бастауында тұрған, оның негізін қалаған, елдің тұңғыш мемлекет басшысы болған, елдегі демократиялық институттар мен қағидаларын қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірген Джордж Уошингтонның туған күні – 22 ақпан бұл елде Президент күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күн 1885 жылы ресми түрде жалпыұлттық мереке болып жарияланды. 1971 жылы АҚШ Конгресі мерекелерді дүйсенбіге ауыстыру туралы заң қабылдайды. Осыған орай Джордж Уошингтонның туған күнін, яғни, АҚШ-тағы Президент мерекесі ақпан айының үшінші аптасындағы дүйсенбі күні болып белгіленді. Бүкіл америкалық жұртшылық құрметтейтін, оның рухына бас иетін Тұңғыш Президенттің мұндай құрметке әбден лайықты екендігін әрбір американдық та мойындайды.

Тарихи зерде

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Джордж Уошингтонның атымен 1917 жылы астероид (886) Уошингтония аталған.
  • Украинаның Львов қаласында Джорджа Уошингтонның атын көшеге берген.
  • Джорджа Уошингтонның атымен «Секвойя» ұлттық паркінде (Калифорния штаты) талдың аты аталған, Гиганттық секвоя талының атың Уошингтон деп қойған.
  • 1976 жылы Джордж Уошингтонға АҚШ армиясының генералы шені берілген[3].

Кинематографта

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
    • 1939 жылы «Бостандық ұлдары» (Sons of Liberty) фильмі шыққан, Дж. Уошингтонның роліе Монтегю Лав орындады.
    • 1959 жылы «Джон Пол Джонс» (John Paul Jones) атты фильм, Дж. Уошингтон ролін Джон Кроуфорд орындаған.
    • 1984 жылы «Джордж Уошингтон» (George Washington) хикаясы
    • 1986 жылы «Джордж Уошингтон: Ұлттың қалыптасуы» (George Washington: The Forging of a Nation) хикаясы
    • 2000 жылы «Торап» (The Crossing') фильмі
    • 2008 жылы |«Джон Адамс» хикаясы, Дж. Уошингтонның ролін Дэвид Морс орындаған.
    • 2013 жылы «Ұйқылы алқап» хикаясы, Дж. Уошингтонның ролін Джим Маккини орындаған.
    • 2014 жылы «Бұрылыс» хикаясы, Дж. Уошингтонның ролін Йен Кан орындады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. GEORGE WASHINGTON BIRTHPLACE. National Monument  (ағыл.) (20 January 2001). Тексерілді, 12 наурыз 2013. Мұрағат көшірмесі 15 наурыздың 2013 Wayback Machine мұрағатында
  2. Bible Record for Washington Family  (ағыл.). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 наурыз 2013. Тексерілді, 12 наурыз 2013.
  3. Bell William Gardner Commanding Generals and Chiefs of Staff: 1775–2005; Portraits & Biographical Sketches of the United States Army's Senior Officer — Center of Military History – United States Army, 1983. — P. 52, 66. — ISBN CMH Pub 70–140160723760.

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]