Top.Mail.Ru
Svoboda | Graniru | BBC Russia | Golosameriki | Facebook

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семейде оңалту орталығына жете алмай жүрген инватакси жүргізушілері жанайқайын айтты (фото, видео)

Опубликовано:

Семей
Оңалту орталығына апаратын жолдағы көліктер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Семейде жаңадан салынған оңалту орталығына жете алмай жүрген жұрт шу шығарды. Себебі мүгедектігі бар бала бағып отырған ата-аналардың оңалту орталығына жетуі мұңға айналған. Ал батпаққа батып, бірін-бірі сүйреп жүрген инватакси көліктері адам көргісіз күйге түскен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Свежая публикация по теме:
Қостанай облысында сібір жарасы анықталған ауыл карантинге жабылды

Қаладағы Қарағайлы ықшамауданында бой көтерген оңалту орталығының құрылысы 2023 жылы аяқталған еді. Қазір орталықта 120 бала ем-дом қабылдап жатыр. Әйтсе де бұл жерге мүгедектігі бар бала бағып отырған ата-аналардың дәл уақытында келуі мұңға айналған. Себебі құмды жолда көлік тұрмақ, жаяу адамның өзі зорға жүреді.

"Жаңбырдан кейін бұл жерде жүру мүмкін емес. Оның үстіне ауыр техникалар көп. Жолдың тас-талқанын шығарады. Ер адамдар бірдеңе қылып жетерміз. Ал балаларын орталыққа әкеліп жүрген жалғызбасты аналар қайтеді? Олар баласын көтеріп қалай жетеді?", - деді Семей қаласының тұрғыны Әсет Бектеміров.

Жолдың жоғы инватакси жүргізушілерінің де жүйкесін жұқартқан. Көліктері батпаққа батып, тұсаулы аттай тұралап жатыр. Жүргізушілер бірін-бірі сүйреп техникалардың тас-талқанын шығарған.

"Көліктің бампері сынды. Барлығын бір-ақ жұлып алды. Астының бәрі тас-тас. Жартысы жоқ болғаннан кейін мен оны шешіп тастадым", - дейді инватакси жүргізушісі Жеңіс Қожаев.

жол
Жол. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазір оңалту орталығының мамандары жолды өз күшімен тегістеп әлек. Орталықтағы жалғыз трактордың жүргізушісі таңнан кешке дейін тыным таппайды. Жаңа ықшамауданда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан ауыр техникалар құмды жолды қас-қағым сәтте ойып тастайды дейді мекеме өкілдері. Ал жергілікті әкімдік асфальт төсеуге асығатын емес.

"Уақытша жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Біз бұл жұмысты 2023 жылы жасамақ болғанбыз. Бірақ ол жерде инженерлік желілерді жөндеу жүргізіліп жатқандықтан, былтыр ол жұмыс істелмеді. Сондықтан уақытша жолды жөндеу жұмыстарына биыл ақша бөлініп, қазіргі жоспар бойынша осы айдың 30-на дейін жұмыстар аяқталады", - деді Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділбек Увасилов.

Қазір асфальт төсеуге қатысты сметалық құжат әзіреніп жатыр. Алайда мамандар оны 2025 жылы сараптамаға жіберуді жоспарлап отыр.

Автор: Елжан Нұрболатов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121864-semeide-ongaltu-ortalygyna-zhete-almai-zhurgen-invataksi-zhurgizushileri-zhanaiqaiyn-aitty-foto-video/