Абылай хан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Абылай хан
Әбілмансұр Көркем Уәлиұлы
Абылай хан
Лауазымы
Ту
Ту
Қазақ хандығының 18-ші ханы
1771 — 1781
Ізашары Әбілмәмбет хан
Ізбасары Кенесары хан
Абылай тек Орта жүзде билік жүргізді. Ұлы жүздегі Әбілпейіз оған бағынды. Кіші жүздегі Нұралы ханның астындағы рулар бағынбады, ал қалған кіші жүз рулар бағынды.
Ту
Ту
Орта жүздің ханы
1771 — 1781
Ізашары Әбілмәмбет хан
Ізбасары Уәли хан
Дайра хан
Ту
Ту
Ұлы жүздің ханы
1756 — 1771
Ізашары Төле би
Ізбасары Қасым хан ІІ
Өмірбаяны
Діні Ислам, (сүннет)
Дүниеге келуі 1711 (1711)
Түркістан, Қазақстан
Қайтыс болуы 1781 (1781)
Жерленді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі,Түркістан
Династия Төре
Туған кездегі есімі Әбілмансұр
Әкесі Көркем Уәли сұлтан
Жұбайы Қарашаш ханым
Балалары Уәли хан
Қасым сұлтан
Сүйік сұлтан
Әділ сұлтан (барлығы 30 ұл, 40 қыз)
Шайқасы Аңырақай шайқасы

Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) — 17711781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.[1]

Шыққан тегі мен жас кезі

1711 жылы Көркем Уәлидің отбасында Түркістан қаласында дүниеге келген. Азан шақырған есімі – Әбілмансұр. Әбілмансұр Жошы ханның ұрпағы, төре тұқымынан тарайды. Оның шежіресі келесідей: Шыңғыс ханЖошы ханҰрыс ханБарақ ханӘз-Жәнібек хан — Жәдік сұлтан — Шығай ханЕсім ханСалқам Жәңгір хан — Уәли (Уәлибақы) сұлтан — Қанішер Абылай — Көркем Уәли сұлтан — Әбілмансұр.[2]

Сабалақ

12 жасында әкесі Көркем Уәли жоңғар қонтайшысы Цэван-Рабдан шабуылынан қаза табады. Әбілмансұрдың шыққан тегін жақсы білген Төле би оған өз түйесін баққызып, оны аман сақтап қалу үшін "Сабалақ" деп атап кетеді. Кей деректе Сабалақ туысы Әбілмәмбет сұлтанның жылқысын да баққан дейді[3]. Төле би Әбілмансұрға салихалы тәрбие беріп, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал етті.

15 жасынан бастап жоңғарларға қарсы күреске қатыса бастайды. Сұлтанның бойы орталау, күші ерекше мықты болған. Замандастары жас сұлтанның батыл, ержүрек және епті болғанын атап өтеді.

Абылай атануы

Әбілмансұрдың атасы Абылай Уәлибақыұлы жекпе-жекке шыққанда ешқашан жеңілмейтін, жауының оған шамасы келмейтін. Сондықтан ел арасына оны Қанішер Абылай деп атап кеткен.[4]

Қанішер Абылайдың немересі Әбілмансұр 20 жасында ел ішінде кеңінен таныла бастады. Ер жеткен Сабалақ Әбілмәмбет ханның жасағына қатысып жүрген екен. 1733 жылы жоңғардың көрнекті қолбасшысы Шырыш батырмен (жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің ұлы) жекпе-жекке шыққанда рухты бабасының атын "Абылай! Абылай!" деп ұрандатып, қарсыласын жеңіп шығады. Жекпе-жекте жеңіске жеткен жас сарбазды халық ұран еткен Абылай есімімен атай бастайды. Бұл ерлігі үшін халық Абылайды өте құрметтейді екен. Сөйтіп Абылайға Арғынның Атығай руын басқаруға сайлапты. 1749 жылға таман Абылайға тек Атығай ғана емес, Арғынның бүкіл жеті руы, оған қоса Керейлер, Уақтар және Қыпшақтардың бір бөлігі бағына бастайды.[5]

Жоңғарларға қарсы күресі

1734 жылы Орта жүзді басқарып келген Сәмеке хан дүниеден өтіп, оның орнына хан болып Әбілмәмбет сайланды, ал Әбілмәмбеттің қолбасшысы болып Абылай бекітілді.

1739 жылы жоңғарлар Цинь империясымен бітім туралы келісімге келіп, бүкіл күшін батыста тұрған қазақтарға жұмсай бастайды. Осыдан қауіптенген Абылай 1740 жылы Әбілмәмбет хан екеуі бастаған 120 сұлтанмен бірге Орынборға келіп, Ресей боданын қабылдайды[6]. Жоңғарларға қарсы соғыста Ресейден көмек болар деген Абылайдың үміті ақталмады. 1741 жылы жоңғарлар қазақтарға жаңа жорық бастап кірді де, Абылайды тұтқындады.

Абылайдың тұтқынға түскенін білген қазақ оны тұтқыннан босатудың амалын ойластыра бастады. 1742 жылы Төле би бастаған қазақтың 90 беделді азаматы мен майор Миллер елшілігі келіссөз жүргізіп, ақырында 1743 жылы бітімге келеді. Осы істе майор Миллер жоңғарларды үркітумен ғана шектеліп, нақты әрекетті қолға алмады. 1743 жылғы 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады.

Қалдан Серен қайтыс болғаннан соң, жоңғарлар арасында билік үшін талас басталады. Абылай бастаған қазақ сұлтандары бұл таласты тиімді пайдаланып, жоңғарларды әлсірету арқылы қазақтың оңтүстік және шығыс жерлерінен азат етіп алған.[7]

Хан тұсындағы сыртқы саясат

100 теңгеде бейнелеген Абылай хан

Абылай билігінің күшейге түсуінің жаңа кезеңі 1744 жылы Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды.

Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломатиялық жолдарды да тиімді пайдаланды. 1740 жылғы тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісім білдіреді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. Абылай 1745 жылы Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түркістанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған қазақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті. 1745 жылы Орта жүздегі Әбілмәмбет, Абылай және Барақ сұлтан қатар аталса, 3-4 жылдан кейін мұндағы жағдай мүлдем өзгерді. 1749 жылғы тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Бірақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр»,- деп көрсетті.

Жазба деректерде Абылайдың шетел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендігі айқын көрсетіледі. 1752 ж. ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адамдай ойраттар қолының шабуылына тойтарыс берді. 1753 ж. желтоқсанда Абылай 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754ж. сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, (Қаратал өз бойынша), сол жылдың шілде-тамыз айында 4 мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға алып келген. 1756ж. Абылайдың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жетеді. 1757ж. Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрады. 1753-1754 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай, Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы – жазы үзбестен қатысады. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әрекеттері Абылайды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесінде Абылай әскері 1771ж. Мойынты өзенінің бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті.

Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-55 және 1764 ж. қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарды шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ пен Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755, 1765 жылдары Қырғыз ұлысына қарсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды.

Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765 — 1967 жылдары Абылай хан қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды. Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртының санасында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі. Бұл 1771 жылы Еділ қалмақтарының (170 — 180 мың адам; 40 мыңдай әскері бар) жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы соққы береді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай хан бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып–жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатыр. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де Абылай ел билігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, бұзық сұлтанды жазаға тарту жағында болады.Абылай соғыс жағдайына сай қол астындағы елде, әсіресе, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болған. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.

1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды.

Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты.

Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т.б. күйлердің авторы.

Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды. Қазақ халқының жадына Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды.

Абылай ханның қазақ халқына сіңірген еңбегі

Абылай дарынды хан, аса ірі қайраткер, қолбасшы болды. Әбілмәмбет ханның тірі кезінде қазақ халқы оны өзінің қорғаушысы, көсемі санады. Ол патша өкіметінің губернаторларының ыңғайына жүрмеді. Елінің еркіндігін, бостандығын қорғай білді.

Ресеймен одақтасудан кейін көп кешікпей Абылай елдің ішкі сыртқы жұмысынан екі жылдай қол үзді. Ол туралы Мәскеу мұрағатынан табылған (қор 122, тізім 1, іс 2) хатқа жүгінейік.

Бұл хатта Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің тұтқынында екені жазылыпты. Бірақ қалай қолға түскені жазылмаған. Халықтың айтуы бойынша, жоңғарлардың қолына түсу себебін екі түрлі түсіндіреді. Біріншісі, Қалдан Серен тұтқиылдан Абылайдың ауылына шабуыл жасап, батырларымен қапылыста қолға түсірді десе, екіншісінде, Абылай сұлтан нөкерлерімен аң аулап жүргенде тұтқындалды дейді.

Ал оның тұтқыннан шығуы туралы да екі түрлі жорамал айтады. Біріншісі, Ресейдің елшісі майор Мюллердің Қалдан Серенге апарып берген генерал-губернатор Неплюевтің хатынан кейін босатты десе, екіншілері қазақтың би-батырлары талап етіп босатып алды дейді.

Мен танысқан хаттарға сүйеніп, Абылай ханның тұтқыннан босап шығуына үш түрлі себеп болды деймін. Ең бастысы, Абылайдың өзінің ақылдылығы, тапқырлығы, дипломаттығы. Оны халқының сыйлайтындығы Қалдан Серенді ойландырды. Екінші себеп - шын мәнінде оған арашашы болған беделді би-старшындар. Үшіншісі, Мюллердің де әкелген хаты әсер етті.

1742 жылы 18 мамырдағы Гладышевтің хабарында былай делініпті:

«Қырғыз-қайсақтар әңгімелерінде Ақшораның жоңғарларға келгенін айтып отырды. Қырғыз-қайсақтың иесі Абылай сұлтанды жоңғарлардың қожасы Қалдан Серен тұтқында ұстап, оның аяқ-қолына кісен салыпты. Ақшора келген соң кісендерді алып, Ақшораның адамдарын кісендепті. Ақшора кеткеннен кейін Абылайдың аяқ қолындағы кісендерді алып тастап, Абылайдың інісін қырғыз-қайсақ еліне қайтарды. Ақшораны қалмақтың үш адамымен жіберді. Егер де 10 отбасын және Қарасақалды әкеліп берсе, сонда ғана жоңғарлықтар тұтқындарды қайтарамыз» дейді. Ақшора және үш қалмақ қырғыз-қай­сақтардан әлі қайтып келмеді».

1744 жылғы 23 қаңтардағы Кирилловтың хатында:

«...Абылай сұлтан Қалдан Серенде екі жылдай тұтқында болды. Онымен бірге Жолбарыс сұлтан отырды. Ол Қалдан Серенмен тіл табысты. Осы жылғы күзде оларды (30 қыркүйекте) өз елдеріне жіберді. Тұтқында 35 адам болды. Барлығы да қайтарылды. Өз ұлыстарына аман-есен жетті. Олар тұтқында болған кезде сол жазда қоңтайшыларда көп адамдар шешек ауруымен ауырып, қайтыс болды. Қалдан Серен қайсақтармен бейбітшілікте».

Жоңғарлардың тұтқынынан келгеннен соң Абылайдың абыройы тіпті жоғары дәрежеге көтерілді. Енді үш орданың хандары, билері де онымен санасты. Ол Ресейден қол үзген жоқ. Бірақ губернаторларға бас иген емес. Оларды өзінен ара қашықтықта ұстады.

Абылай хан Орынборға 1740 жылы барғаннан кейін губернаторлардың оған өздеріне келіп кетуін сұраған бірнеше шақыруларын қабылдамады. Кейбір тарихшылар Абылайдың тұтқыннан келуі оны Ресейге байлады, оған міндетті болды дегендей ой білдіреді. Жоқ. Олай емес. Ресейге тәуелді болған жоқ.

Міне, осындай хаттың бірін 1745 жылы 16 сәуірде Орынбордан губернатор, құпия кеңесші Иван Неплюев Абылай сұлтанға жіберіпті:

«...Біз сізден көптен хабар ала алған жоқпыз, көп уақыт өткендігі себепті сізден өткен кездер туралы хабарларды естігеніміз дұрыс болар еді. Сіздің және қол астыңыздағылардың бір белгісі болсын. Егер мүмкіндігіңіз болса, уақыт тауып, сіз маған келсеңіз, маған ұнаған болар еді. Мен осы алдағы күзге дейін басқа жаққа баруыма байланысты орнымда болмауым мүмкін. Екеуміз кездесіп, бетпе-бет әңгімелесіп көп жағдайларға кеңескеніміз дұрыс болар еді.

...Сіздің қойған талабыңызға байланысты Сібір жағында ұсталған адам­дарыңыз бен малдарыңыздың біразы қайтарылды. Басқасына ол генерал күш салып көмектесемін деп сенім білдірді», депті.

1745 жылы 7 мамырда жүзбасы Яков Ерофеев арқылы полковник Павлуцкийге Абылай хан мынадай хат жіберіпті:

«Сіздің маған жіберген хатыңыздан естіп отырмын: «Бізге денсаушылық тілей отырып, біздің қол астымызда жаулап алды деген жылқылар және тұтқындар бар депсіз». Ондай жағдай болған жоқ. Тұтқында ешкім жоқ. Егер ондай болса, онда қандай одақтастық болады. Өткен жылы сіздің адамдар 42 адамды тұтқынға алды. 24 адам, 1300 жылқыны, 13 байдың үй-мүліктерінен 382 жылқыны бізге қайтарды. Енді 918-і сіздерде қалды».

Бұл хаттағы: «Онда қандай одақтастық болады», деген сөзге көңіл бөлу керек. Ол - Абылай Ресейге берген сертін одақтастық деп түсінетіні.

1760 жылы 16 сәуірде Орынбор губерниясының кеңсесінен құпия экспедиция арқылы Орынбор гарнизонының жаяу әскер полкының поручигі, князь Иван Ораков, тілмаш Яков Гуляев Абылайды іздеп, бес күн жүріп старшын Байжігіттің ауылына келеді. Абылай осы жерден 3-4 шақырым жерде қоныстанған екен. Көкшетауға, Әулие Петр қамалына жазда бармақшы.

Ораков пен Гуляев әдептілік, сыпайылық көрсетіп, Абылай сұлтанды тағы да Орынборға, тіпті болмаса Троицкіге келуді қиылып сұрайды. Оған Абылай: «Қашқария қырғыздары Айходжа және Күнходжа Жаркент қалаларына шабуыл дайындап жатыр. Бұл жердегі халықтар Ташкент, Түркістан, Бұқараға көпестер және таможнялықтармен еріп көшіп жатыр. Ол жерге көмек көрсетуіміз қажет. Сол себепті Орынборға баруға уақытым жоқ», деп жауап беріпті.

Абылай осылайша үш (Ресей, Жоңғар, Қытай) алып мемлекеттердің ор­тасында дипломатиялық шеберлікпен Қазақ елінің бостандығын сақтай білді.

Қазақ халқының аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев «Батыр Баянда» Абы­­лайдың саясаткерлігін былай суреттепті:

«Алыстан орыс, қытай - ауыр салмақ.

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Артында ор, алдында көр, жан-жағы жау

Сол кезде елге қорған болған Абылай,

Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап».

1759 жылы (қор 122, «Қырғыз-қайсақ ісі», тізім 1, іс 3) Орынбордың губерна­торы, құпия кеңесші Давыдовқа және генерал-майор Тевкелевке, Сібір губерна­торындағы әскери қолбасшы Брегадир Фрауендорфқа император ханымның канцлері граф Воронцовтың жолдаған хатында Абылай ханның өміріндегі тағы бір қырлар ашып беріліпті.

Онда Абылай ханның Ресейдің губернаторларына, тіпті ханымға, канцлерге де бас имейтіні хабарланған. Бірнеше рет өздеріне келіп жолығуын 1743 жылдан бері сұраса да бармағанын, оның үстіне олардың алдына өзінің талаптарын табанды түрде қойып, оның орындалуын міндеттегеніне көз жеткіземіз.

Хаттың 74-бетінде былай депті:

«...Сіз биылғы жылғы 15 наурыздағы хабарламаңызда тағы да ұсыныс жазыпсыз. Онда Абылай сұлтанды жақсырақ өзімізге тарту мақсатымен еркелетуді және Орынборда көбірек марапаттауды талап етіпсіз. Мұндай жалақы үшін ол одан әрі беріліп қызмет етуге міндетті. Оны жоғалтпас үшін, біздің жағымызды қолдауы үшін, тіпті болмаса ашық қарсы шықпаса да бүгінгі қытайлықтардың тырысып отырғанына беріліп кетпей, өз жағымызға шығару керек. Біздің жақтан да оны еркелетуіміз қажет. Онымен жеке хат жазысып тұрыңыздар. Ол өте пайдалы. Абылай сұлтанға император - ақ патша ханым­ның атынан биылғы 1759 жылдың басынан бастап жалақы төлеуі дұрыс. Орынбордың шет ел шығыны есебінен қырғыз-қайсақтардың Кіші Ордасының Нұралы ханының жалақысын азайтып, әрқайсысына 600 рубльден жалақы берілсін. Оларда реніш болмау үшін жылына 300 рубльден тағайындау керек. Оның үстіне 100 рубль басқа қырғыздарға берілмей, Абылай сұлтанның өзінің пайдалануына беріледі. Өйткені, бізге белгілі, ол өзінің 200 рублімен қырғыз-қайсақтың салты бойынша жергілікті старшындарымен бөліседі. Екінші, Абылай сұлтанның басқа ұсыныстарын алсақ, ол Ресейдің шекаралық командирлеріне өкпелі, сондай-ақ башқұрттарға және белгілі Ноян Шерендеге. Ол қырғыз-қайсақтардың жауы көп, жылқыларын алып кеткен. Сондай-ақ қа­сиетті шоқынуға барғандар туралы айтыпты, олардың басым көпшілігі өз еріктерімен шоқынуға барған жоқ.

A.
Көкшетау қаласы Абылай Хан алаңы.

...Абылай сұлтан қойған мәселелерді шешу және Ноян Шереннің ұстап отыр­ған адамдарын, жылқыларын да қайтарып беру мүмкіндігіне сенемін. Абылай жанжал шығарады. Оның арызы бойынша Сібір командирлерін тыныштандыру керек.

Үшінші, Абылай сұлтан қойған мәселелерін шешу үшін қабылданған жарлықты нақты орындайық. Абылай сұлтан кейбір жағдайға сенбеуі мүмкін. Оның талаптары толығымен орындалған жоқ».

Міне, көріп отырсыздар Санкт-Петербургтен канцлер Воронцов Абылайдың талаптарын орындау қажеттігіне қатты көңіл бөлген. Бұл Абылай сұлтанның беделі жоғары екенін, өзін Ресейге бағыныштымын деп мойындамайтынын дәлелдейді.

Осы хаттың жалғасында және былай депті:

«...Абылай бүкіл Орта Ордада ең басты қожасы болып есептеледі, оның үстіне ол басқалардан гөрі әлдеқайда зерек (түсінгіш), әрі икемді (епті), оны нағыз хан жасау керек. Жергілікті халық Орта Орданың Әбілмәмбет ханның мыса­лындай жарлықсыз хан сайламасын. Оған қарсы тұру өте қиын. Өйткені, ісіне қарап әр жерде бүгінде Абылайды хан деп атайды».

Өздеріңіз байқап отырғандай, Абылайды халық әдейілеп сайламаса да оны «хан» деп есептейтіні құзыреттілерге де жеткен.

Абылай ханның ғажап дипломат екендігі қалмақтың ханы Қалдан Серен өлгеннен кейін ерекше белгілі болды.

Жоңғарлардың ханы Қалдан Серен өлген соң оның балалары таққа таласып, бірін-бірі өлтірді. Ең соңында күңнен туған ұлы Лама Дорчжи қулық-сұмдық жолмен тақты басып алды. Оның Даваци, Амурсана атты інілері Абылай ханның ордасына қашып келді. Осы кезде Әбілмәмбет хан, атақты Малайсары билер Абылайға қысым жасап, ол екеуі Лама Дорчжиге қайтарып беруді талап етті. Бұл Абылай ханның ел басқарып жүргендегі өте ауыр кезеңі еді.

Ауыр сыннан шығу кезіндегі Абылайдың табандылығын, тапқырлығын, жігерлілігін көрсететін деректерді Санкт-Петербургтің орталық кітапханасынан алған В.В.Вельяминов-Зерновтың: «Тарихи хабарлама. Қырғыз-қайсақтар туралы және Әбілқайыр хан өлгеннен кейінгі Ресейдің Орта Азиямен қарым-қатынасы» атты кітабында жақсы көрсетілген. Онда былай деген: «Лама Дорчжи 1750 жылы мамыр айында өкіметті өз қолына басып алды. Бір інісін соқыр қылып, жер аударды. Бадемирдің бес ұлын тұншықтырып, өлтірді. Одан басқа да көптеген туыстарын сол әдіспен құртты.

Ұрыс-керіс және келіспеушіліктер тез арада оның сөзсіз құритындығының белгісі еді. Мемлекет үшке бөлінді. Бір бөлігі Лама Дорчжиге қалды. Екіншісі Қытайға көшті, үшіншісі Сібірге, Ертіс өзеніне қарай ығысты. Енді елдің иесі жауыздықтың жаңа түрін қолдануға көшті. Даваци ең жақын таққа таласатын ізбасар болғандықтан, оны бақталас деп есептеп тұншықтырып өлтірмекші болды. Оған мазасызданған Даваци өзінің жиендерімен, Амурсана мен Сібір шекарасына кетуді ойлады да Орта Орданың қырғыздарына қашып барды. Даваци екі адамын Абылай сұлтанға жіберді. Одан рұқсат талап етті. Осы жерде қалайын ба, жоқ басқа жаққа барайын ба?» - деді.Осы екі арада айлакер Абылай сақтық шарасын қолданып үлгерген болатын». Міне, Абылай осылай болмаса, Абылай бола ма?

1757 жылы Абылай 10 мың сарбазбен Қашқария жерінде (1,0 млн.қал­мақтарды қытайлықтар қырғаннан кейін) қалған торғауыттарды қырды (бас­қарған батырлар: Арғын - Атығай - Күлеке батыр - 2000 сарбазбен; Керей Мер­ген батыр - 2000 сарбазбен, Көкжал Барақ батыр (Найман) - 2000 сарбазбен; Абылай сұлтан - 2000 сарбазбен; Қаракерей Қабанбай|Қаракерей Қабанбай батыр - 2000 сарбазбен), қалған қалмақтардың бірде-бірін қалдырмай тұтқындап, қазақ жеріне құлдыққа таратты. 1760-1764 жылдар аралығында Қабанбай батырды Абылай сұлтан Зенгор жеріне бас қолбасшы етіп тағайындады. Қабанбай ба­тыр Қаракерей наймандарды, Төлеңгіт Райымбек батыр (Албан Райымбекпен шатастырмайық) Уақ, Керейлерді Зенгор жеріне көшірді. Бұл тек қана Абылай сұлтанның талабымен іске асты (қор 1, тізбе 1, іс 88, 1760 жыл, Омбы мұрағаты).

1760 жылы 20 мамырда князь поручик Иван Ораков генерал-майор және Сібірдің шекаралық әскери бас командирі Иван Иовемарнға жазған хатында былай депті:

«19 ақпан күні Абылай сұлтанның төлеңгіт қырғызы Райымбек былай деді: «Өткен күзде Абылай сұлтан өз атынан мені Орданың Қаракерей Найман руына жіберді. Олар Звенигорск қамалының жанында Қарата атты жайлаудағы көштермен бірге жүр». Кейін қайтар кезде сол рудың бас старшыны Қабанбай Абылай сұлтанның атынан Райымбекке бұйрық береді. Ол Райымбекке өзінің ұлыстарын түгелімен алдағы жазда Зенгор хандығының жеріне көшуін, ондағы Зенгор ханы Қалдан Серен Урғаның тұрған жеріне барып тұруын бұйырды».

Абылай ханның батыл әрі ғажап қимылынан кейін Орск бағытының қолбас­шысы, полковник Родестен генерал-майор Фонвейнмарнға 1760 жылы 22 қыркүйекте (№315) мынадай баянат келіпті:

«...20 шілдедегі хатты Абылайға оқып берген. Онда Зенгордан Тарбағатайға де­йінгі жерлер Барабы татарларының жері, Уранхаевтардың қонысы деген. Абы­­лай: «Ешқандай Барабы татарларын естіген емеспін, білмеймін. Жер біздікі», - деп жауап береді. Жер дауын шешу үшін Абылай өзі шілдеде барып қайтамын, содан кейін жауабын генерал-майорға жазамын дейді.

Поручик Гуляев Абылаймен кездескені туралы жоғарыдағы хатын былай жалғапты:

... «Абылай мені 22-сі күні жібермекші болды. Мен жердің алыстығына бай­ланысты өтірік ауырған болып, бармай қалдым. Қытайдың елшісі келе жат­қанын да естідім. Абылай: «Олармен таяу арада кездесе алмаймын. Уақытым жоқ», - депті. Аз уақыт өткен соң, 23-і күні Қытай елшісі Абылайдың ордасына 30 адаммен келді. Олар Абылайға кісі жіберіп, бүгін кездесуді талап етеді. Абылайдан сескеніп, басқа қырғыздар да (қазақ - Б.Н.) кездескілері келмепті. Қытайлықтар қырғыздардың аудармашысына риза болмай, хатты бермей, тек ауызша ғана өз талабын айтады. Абылай мен Жолбарыс сұлтан парсы тілі араласқан қалмақ тілінде жазылған хатты түсінбейді. «Қырғыздар уранхай және торғауыттардың жерлерін басып алған. Олардың тұтқындағы адамдары мен малдарын қайтарып беруге уәде беріңдер», - депті қытайлықтар хатында. Егер қайтармасаңдар, әскер жіберемін деп қорқытыпты. Олар Абылайды сыйлағандықтан ғана жіберген жоқпыз деді.

Міне, осындай жүздеген хаттар мұрағаттарда жатыр. Бұл сол заманның дипломатиясы. 1738-1781 жылдар арасында Қызылжар, Көкшетау, Кереку, Зайсан, Семей, Өскемен, тағы басқа да солтүстік, шығыс шекараларын қорғап, еліміздің бүгінгі күнге жетуін қамтамасыз етіп, оңтүстікте Төле би, Шапырашты Наурызбайдың сарбаздарымен қарым-қатынаста болып, оларға да қорған бола білгендігін дәлелдейтін хаттар бар.

Абылай бастап барған жорықтар туралы да құжаттар жеткілікті. Әбілқайыр тірі тұрған кезінде Абылаймен қарым-қатынас жасаған. Әбілқайырды өлтіргенде оның балаларын аман алып қалған Абылай сұлтан. Ол туралы Әбілқайырдың зайыбы Бопай ханымның канцлерге, генерал-губернаторға жазған хаттарында: «Абылай сұлтанға көп рахмет. Балаларымды ажалдан құтқарды», депті.

Абылай хан айтқандарына көнбеген соң Сібірдің губернаторы Саймоновтың Сыртқы істер мемлекеттік коллегиясына 1763 жылы 5 ақпанда, сондай-ақ 1764 жылы генерал-майор Фонфрауендорфтың жазған хаттарында Абылай сұлтанның абыройын төгіп, жамандап канцлерге жазыпты. Онда: «Абылай сұлтан бірде-бір руды басқармаған, халықтың арасында абыройы жоқ», деп, екіншісі «қытайларға жалтақтық жасады» депті. Осы хаттарды оқыған бірен-саран «тарихшы-жазушыларымыз» Абылай хан туралы алыпқашпа әңгіме айтып жүр...

Абылай ханның Ресейге тәуелді болмай, олармен тең дәрежедегі одақтас мемлекеттің ханымын дегенін дәлелдейтін тағы да генерал-поручик Иван Деколонгке, одан кейін генерал-поручик және губернатор Иван Реннедорфке жазған (1772 жылы 19 қыркүйекте) хатын мысалға келтірейік:

«...Генерал мырза, сізге айтарым, біздің Орда сіздің Ресейдей емес, өте шашыраңқы жатыр. Ұрыларды, бұзықтарды табу, ұстау тез арада қолдан келмейді. Жеріміз өте үлкен. Сол себепті кімнің қайда көшіп жүргенін білу мүмкін емес.

Қытайдың Богдо ханына мен өз талабымды айтып былай дедім: «Қандай күші бар мемлекет болса да егер бізге қарсы шықса немесе дөрекілік білдірсе, онда біз оларға қарсы тұра аламыз». Егер де Қытайдан көмек сұрай қалсақ, ол ешуақытта көмек беруге дайын еместігін білдірді.

Осыған байланысты, егер де бізге біреулер көз алартып, соғыс ашу қаупі бола қалса, онда сіз бізге әскери көмек беруге дайынсыз ба? Осы туралы импе­раторға жеткізіп, маған жауабын хабарласаңыз.

Генерал мырза, сізден маған 1000 немесе 500, болмаса 300 әскери адамдарды уақытша беруіңізді сұраймын. Ол біздің ішіміздегі ұрыларды ауыздықтап, тыю үшін керек.

Ұрыларды ұстап, жазаласақ, онда олар сіздерге де, біздерге де жаманшылық жасай алмауы тиіс. Екі генералитет келісімге келуіміз керек.

Мен сіздің әскерді алысқа апармаймын. Бес күн ұрылармен бірге болады. Ол жерге мен өзім барамын немесе балаларымның біреуін жіберемін. Содан кейін оларды қару-жарақтарымен, киімдерімен өз елдеріне апарып саламыз. Бұл мәселені императорға жеткізбей-ақ өзіміз шеше аламыз ғой. Әскер берсеңіздер де, бермесеңіздер де маған хабар беріңіздер. Соңында сізге көп жыл денсаушылық тілеуші - Абылай хан. Сенімді болу үшін өз мөріммен растаймын».

Отбасы

Абылай көрші елдермен дипломатиялық қарым-қатынасты нығайту үшін ел билеушілерінің, ауқатты кісілердің қызын алған. Одан былай, қазақ сұлтандарымен, қожаларымен, рубасыларымен қыз алысып отырған.

Ұрпағы Шоқан Уәлиханов дерегі бойынша, Абылай ханның 12 әйелі, 40 қызы мен 30 ұлы болған.

  • Бәйбішесі Қарашаш ханым – Әбілқайыр ханның қызы. Одан екі қыз туады. Біреуі Орта жүзді билеген Дайыр ханға, екіншісі Құдайменде сұлтанға (Қоңырқұлжа Құдаймендиннің әкесі) тұрмысқа тиген.
  • Екінші әйелі Сайман ханым – қарақалпақ бегі Сағындық-Шұбақбайдың қызы. Одан Уәли хан туады.
  • Үшінші әйелі Бабақ ханым – Қашқар бегі Сарт Кенженің қызы.
  • Төртінші әйелі – қожадан шыққан, қырғыз әулиесі Сарғалдақтың әпкесі.
  • Бесінші әйелі Тобышай немесе Түбіш – қалмақ кінәзі Хошу мергеннің (Қалдан Сереннің туысы) қызы.
  • Алтыншы әйелі Тоқта ханым – қалмақ ноянының қызы.
  • Жетінші әйелі Татыш ханым – қырғыздарға шыққан жорығынан әкелген олжасы еді. Одан 2 қыз туады. Біреуі Тәуке ханның ұлы Тұрсынға ұзатылған.
  • Сегізінші әйелі Өрес ханым – қалмақтан әкелген Абылайдың олжасы. Жұрт оны Сұлу деп атап кеткен.
  • Тоғызыншы әйелі – Тұлақ ханым.
  • Оныншы әйелі – Сайын-Көбен.
  • Он бірінші әйелі – Шаған ханым.
  • Он екінші әйелі – Мұңтұм.

Соңғы төрт әйелі қалмақ қыздары, олардан ұрпақ болмаған. Тоғызыншы әйелі Сайман ханымның көмекшісі, ал оныншы әйелі Қарашаш ханымның әйелі еді.[8]

Тарихи жыр

Толық мақаласы: Абылай хан (жыр)

Абылай хан - тарихи жыр. Жыр Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын қазақтардың арасында кең таралған. Авторы белгісіз. Жыр Абылайдың балалык шағынан басталып, ер жету, қол бастау, ел билеу жолын коркем баяндап, соңын Абылайдың өлімімен аяқтайды. Жырда сөз болатын оқиғалар мен адамдар нактылы өмірде болған. Жыр Шыңжаң тұрғыны Шерияздан Сүлтанбайұлынан жазып алынып, тұңғыш рет Қытайдын "Ұлттар" баспасынан жарық көрген 4 томында (1985), одан кейін "Абылай хан" атты кітапта (А., 1993), "Казак халык әдебиеті" көптомдығының 1- ші томында (1995) жарияланды.[9][10]

Сыртқы сілтемелер

Дереккөздер

  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
  2. Қазақ хандарының шежіресі
  3. Казахстан. Национальная энциклопедия. / Гл. ред. Б. Аяган. — Алматы: Главная редакция: «Қазақ энциклопедиясы», 2004 — 560 с.
  4. Касымбаев Ж.К.История Казахстана. – Алматы: 2004. – С. 35.
  5. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты. 1675–1821 годов. Алматы, 2014. Т. 1. С. 274.
  6. Алтон С. Доннели. Завоевание Башкирии Россией 1752–1740. – Лондон, 1968. – С. 212.
  7. https://iie.kz/?p=25528&lang=ru
  8. Валиханов Ч.Ч. Абылай хан // Собрание сочинений в пяти томах. Алма-Ата, 1964. Т. 3. – С. 486.
  9. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
  10. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8