Мұрат Әбенұлы Айтхожин

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Айтхожин Мұрат Әбенұлы(29 маусым 1939, Петропавл19 желтоқсан 1987, Алматы) – биология ғылымының докторы (1977), профессор (1980), Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1979), академик (1983), Қазақстанда молекулалық биология мен биотехнологияның негізін қалаушылардың бірі, ғалым.

Арғын тайпасы Атығай руынан шыққан.[1]

ҚазМУ-ді бітірген (1962). ҚР ғылым академиясының Ботаника институтында кіші (1965), аға (1967) ғылыми қызметкер, директор (1978 — 83), Молекулалық биология және биохимия институтында директор (1983 — 87), Қазақстан ғылым академиясының президенті (1986 — 87) болды. Айтхожин — жасушалық макромолекулалардың (нуклеин қышқылдары мен нәруыздың) синтезі саласында аса құнды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Эукариоттық жасушаларда кездесетін жасушалық бөлшектердің жаңа класын, ақпараттық рибонуклеин қышқылдарының (ақпараттық РНК-ның) рибонуклеопротеидтік түрін (РНП-ті) — информасоманы ашқан. Айтхожин бидай дәнінің эмбриогенезі, пісіп-жетілуі, тұқымынан өнуі кезінде оның жасушаларында жүретін құбылыстарды: ақпараттық РНК-ның биогенезін, түзілуін, сақталуын және оның құрылымдық ерекшеліктерін зерттеді. Өсімдік рибосомаларының физикалық-химиялық қасиеттерін анықтап, олардың жануар рибосомаларына ұқсас екенін байқады. Жануар мен өсімдік жасушаларының суббөлшектерінен тұратын әрекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл зерттеулердің эволюциялық теорияны дамытуда үлкен маңызы болды.

Биохимиялық тәжірибелерді автоматтандыру саласында белсенді басшылық жасады. Қазақстан ғылым академиясының жанынан Молекулалық биология және биохимия институтын ашқан (1983). Осы институт құрамында жасушалық және генетикалық инженерия, трансгеноз лабораторияларын, Биотехнология орталығын (1987) ұйымдастырған. Айтхожин Лениндік сыйлықтың лауреаты (1976). Ол халықаралық Бейбітшілік қорының Алтын медалімен (1987), “Халықтар достығы” орденімен (1987) марапатталған. Алматыда Айтхожин тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған, Молекулалық биология және биохимия институты оның есімімен аталады.

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]



  1. Шежіре - Атығай Alashainasy.kz. Тексерілді, 16 қараша 2020.