Тіршілік деңгейлері

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Биологиялық тіршілік (ағылш. Biological organisation) — редукционистік тәсілді қолдана отырып, тіршілікті анықтайтын күрделі биологиялық құрылымдар мен жүйелердің иерархиясы. Дәстүрлі биологиялық тіршілік атомдардан биосфераға дейін созылады. Бұл схеманың жоғары деңгейлері көбінесе экологиялық ұйым тұжырымдамасы немесе өріс, иерархиялық экология деп аталады.

Бүкіл тіршілік бір-бірімен тығыз байланысты, өзара сәйкесті болғандықтан, көпсанды организмдердің 1/3 гендері ортақ. Адам геномындағы шамамен 23 000 геннің 37% -ы бактериялар мен архебактериялардың гендерімен бірдей. Тағы 28% ашытқы және балдыр секілді бір жасушалы эукариоттардың гендеріне ұқсас. Осылайша, адам генетикасы толық 65% деңгейде микробтарға ұқсас болып келеді.

Тіршіліктің мәні тірі ағзалардың өзінен кейін үнемі ұрпақ калдырып отыруымен айқындалады. Бұл кезде ұрпақтан-ұрпаққа генетикалық ақпараттар беріліп, азғалар әрі өзін-өзі реттеп, әрі ұрпақтары арқылы калпына келіп отырады. Сондықтан да тіршілік дегеніміз — тірі ағзалардың ұрпақ қалдыру аркылы өмір сүруінің ерекше сапалық көрінісі.

Қазіргі замандық түсінік бойынша, тіршілік — тірі ағзалардың коршаған ортамен тұрақты түрде зат алмасуына негізделген, нәруызды денелердің тіршілік ету тәсілі. Тірі азғалар мен қоршаған орта арасында зат алмасу процесі тоқтаған кезде, нәруыздар ыдырап, тіршілік жойылады.

Жинақтап айтқанда, тіршілік дегеніміз — құрылымы нәруыздар (белоктар) мен нуклеин қышқылдарының күрделі биологиялық полимерлерінен тұратын, өзін-өзі реттейтін, өзінен кейін өзі тектес ұрпақ қалдырып отыратын тірі азғалар жиынтығының ашық жүйесі.

Тіршілік ұғымындағы негізгі орында — нәруыздар мен нуклеин қышқылдары тұрады. Өйткені бұл қосылыстар барлық тірі азғалар жасушаларының түрлі құрылымдық түзілістерінің құрамында кездеседі. Табиғаттағы барлық тірі азғалар бір-біріне ұқсас біркелкі құрылымдық деңгейлерден тұрады. Бұл, жалпы, тірі ағзалардың бәріне тән биологиялық заңдылық болып саналады. Тіршілік деңгейлері:

  • молекулалық,
  • жасушалық (клеткалық),
  • ұлпалық, мүшелік,
  • ағзалык,
  • популяциялық- түрлік,
  • биогеоценоздық және
  • биосфералық деп бөлінеді.

Шамамен 3.8 млрд жыл бұрын бір алғашқы тіршілік жасушасы қалыптасқан. Ол Соңғы ортақ тек (Last universal ancester, яғни LUA) деп аталады. Организмнің осы жасуша жүйесі үш негізгі тіршілік формасына біртіндеп дамиды, олар Бактериялар, Архебактериялар (біртүрлі өзгеше бактерия тәрізділер) және эукариоттар (ядролы жасушалы және көпжасушалы организмдер).[1]

Тіршілік деңгейлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Молекулалық деңгей

1. Молекулалық деңгей. Бұл — тіршілікке тән бастапқы ең қарапайым деңгей. Кез келген тірі ағза құрылысының қарапайымдылығына немесе күрделілігіне қарамай, оның бәрі де біркелкі молекулалық қосылыстардан тұрады. Оған мысал ретінде нуклеин қышқылдарын, нәруыздардың, көмірсулардың, т.б. органикалық және бейорганикалық заттардың күрделі молекулалар жиынтығын атауға болады. Оларды кейде биологиялық макромолекулалы заттар деп те атайды. Молекулалық деңгейде тірі азғалар денесінде зат алмасу, энергияның бір түрден екінші түрге айналуы айқын байқалады. Молекулалық деңгей арқылы тұқым қуалайтын ақпараттар ұрпақтарға беріледі, жеке органоидтер түзіледі, т.б. процестер үздіксіз жүріп отырады.

Жасушалық деңгей


2. Жасушалық деңгей. Жер бетіндегі тірі ағзалардың көпшілігінің құрылымдық және қызметтік бірлігі—жасушадан тұрады. Жасушалық деңгейде оның құрамындағы жеке органоидтердің өзіне тән құрылысы болады және олар жасушада белгілі бір кызмет атқарады. Жасушадағы жеке органоидтердің атқаратын кызметі өзара бір-бірімен тығыз байланысып, жасушадағы біртұтас тіршілік процестерін жүзеге асырады. Бір жасушалы ағзаларда (бір жасушалы балдырлар және карапайым жануарлар) барлық тіршілік процестері бір ғана жасушаның ішінде жүреді. Бір жасуша өз алдына жеке организм болып саналады. Бұрынғы өткен бір жасушалы жасыл балдырлар — хламидомонаданы, хлорелланы және қарапайым жануарларамебаны, инфузорияны, т.б. естеріңе түсіріңдер. Көп жасушалы ағзалардағы бір жасуша өз алдына жеке ағза бола алмайды, тек ағзаның қарапайым құрылымдық бірлігі қызметін атқарады.

Ұлпалық деңгей


3. Ұлпалық деңгей. Шығу тегі, құрылысы және аткаратын кызметі біркелкі жасушалар мен жасушааралық заттардың жиынтығынан ұлпа түзіледі. Ұлпалық деңгей — тек көп жасушалы организмдерге тән қасиет. Жеке ұлпалар да өз алдына тұтас ағза бола алмайды. Мысалы, жануарлар мен адам денесінде төрт түрлі ұлпа (эпителий, дәнекер, бұлшық ет, жүйке) болады. Өсімдік мүшелеріндегі ұлпалар — түзуші, жабын, тірек, өткізгіш және бөліп шығарушы деп аталады. Әрбір жеке ұлпаның құрылысы мен аткаратын қызметін естеріңе түсіріңдер.

Мүшелік деңгей


4. Мүшелік деңгей. Көп жасушалы ағзаларда шығу тегі, құрылысы және атқаратын кызметі біркелкі ұлпалар жиналып, мүшелік деңгейді құрайды. Әрбір мүшенің құрамында бірнеше ұлпа кездеседі және бір ұлпа ғана басым болып келеді. Әрбір жеке мүше де тұтас ағза бола алмайды. құрылысы мен атқаратын қызметі ұқсас бірнеше мүшелер бірігіп жеке мүшелер жүйесін құрайды. Мысалы, адам ағзасында ас қорыту, тыныс алу, қан айналым, т.б. мүшелер жүйесі болады.

Организмдік деңгей


5. Организмдік деңгей. Денесі бір ғана жасушадан тұратын өсімдіктер (хламидомонада, хлорелла) мен жануарлар (амеба, инфузория, т.б.) өз алдына жеке ағза. Ал көп жасушалы ағзалардың жеке бір дарасы жеке ағза деп есептеледі. Жеке ағза денесінде тірі ағзаларға тән барлық тіршілік процестері—қоректену, тыныс алу, зат алмасу, тітіркену, көбею, т.б. жүреді. Әрбір жеке ағза өзінен кейін ұрпақ калдырып отырады. Көп жасушалы ағзаларда жеке жасушалар, ұлпалар, мүшелер және жеке мүшелер жүйесі тұтас ағза бола алмайды. Тек бір ағзадағы барлық мүшелер жүйесі өзара үйлесімді қызмет атқара отырып, тұтас бір ағнаны құрайды. Организм тікелей сыртқы табиғи орта жағдайларымен тығыз байланыста ғана тіршілік ете алады.

Популяциялық-турлік деңгей


6. Популяциялық-түрлік деңгей − тіршіліктің организмнен жоғары құрылым деңгейі. Өзіне тән табиғи орта жағдайында, бір түрге жататын белгілі бір аймақта таралған даралардың жиынтығы популяцияны құрайды. Популяция дегеніміз — бір түрдің жеке өз алдына оқшауланған әрі көптеген даралардан (особьтардан) тұратын тобы. Популяциялық деңгейде ғана алғаш рет қарапайым эволюциялық өзгерістер байқалады, ол бірте-бірте жаңа түрдің пайда болуына септігін тигізеді.

Биогеоценоздық деңгей


7. Биогеоценоздық деңгей. Құрылымдық деңгейі әр түрлі бір табиғи орта жағдайында ғана тіршілік етуге бейімделген көп түрлі азғалар жиынтығын биогеоценоз дейді. Оны кейде табиғи бірлестік деп те атайды. Биогеоценоз құрамына сан алуан тірі азғалар және белгілі табиғи орта жағдайлары біріктіріледі. Биогеоценоздағы ағзалардың денесінде энергия жинақталады және энергия бір ағзадан екіншісіне беріліп отырады. Биогеоценоздың құрамында бейорганикалық, органикалық қосылыстар және тірі азғалар болады.

Биосфералық деңгей


8. Биосфералық деңгей. Жер ғаламшарындағы барлық тірі организмдер мен олардың тіршілік ететін жалпы табиғи орта жағдайларының жиынтығы биосфералық деңгейді құрайды. Биосфералық деңгейде басты рөлді "тірі заттар", яғни жер бетіндегі барлық тірі азғалар атқарады. Биосфералық деңгейде "жанама заттар" (яғни, қоршаған орта жағдайлары) мен тірі ағзалардың тіршілік әрекетінен пайда болған "биожанама заттардың" да маңызы зор. Биосфералық деңгейде бүкіл жер бетіндегі заттар мен энергияның айналымы биосферадағы барлық тірі ағзалардың тікелей қатысуы арқылы жүріп отырады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Біз микробтар әлемінде өмір сүретін жануарлармыз https://www.realclearscience.com/blog/2013/02/we-are-animals-living-in-a-bacterial-world.html
  2. Сәтімбеков Р. Биология: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдык-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған окулық. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-175-4

Үлгі:Stub: Биология