Өзгергіштік

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Өзгергіштік – организм мен сыртқы ортаның қарым-қатынасын көрсететін күрделі процесс; тірі организмдердің өсіп-дамуы барысында өзін қоршаған орта әсеріне байланысты жаңа белгі-қасиеттер түзуі немесе өзінде бұрыннан бар белгі-қасиеттерін жоғалтуы. Өзгергіштік организмнің немесе клетканың жеке дамуы барысында, сондай-ақ, ұрпақ ішіндегі организмнің бір тобының жынысты немесе жыныссыз көбеюі кезінде байқалады. Пайда болу механизміне, белгілердің өзгеру қасиетіне байланысты өзгергіштік бірнеше түрге бөлінеді.

Тұқым қуалайтын өзгергіштік – организмде жаңа генотиптердің пайда болуы нәтижесінде фенотипте өзгерістің байқалуы. Өзгергіштіктің бұл түрін мутациялық өзгергіштік деп те атайды (қ. Мутация). Тұқым қуалайтын өзгергіштіктің өзіне тән мынадай қасиеттері бар: мутациялар секірмелі, кенеттен пайда болады; тұқым қуалайды; пайдалы және зиянды болып бөлінеді; бір рет пайда болған мутация қайта өзгеріске ұшырай алады; мутация сапалы өзгергіштікке жатады.

Тұқым қуаламайтын өзгергіштік сыртқы орта факторларының әсерінен пайда болады. Бұл жағдайда белгі тұқым қуаламайды, яғни ол сыртқы орта жағдайларының әр түрлі деңгейдегі әсерлерінен қалыптасады. Мұны модификац. өзгергіштік деп атайды (қ. Модификация). Модификациялық өзгергіштікте келесі үрім-бұтаққа берілмейді, себебі гендері мен хромосомдары өзгермейді. Алайда бұл өзгерістердің маңызы ерекше. Олар шүғыл өзгерген жағдайларда дарақтардың тірі қалуына жәрдемдеседі. Мысалы, құрғақшылық немесе қышқылды жаңбыр нәтижесінде өсімдік жапырақтарын түсірмесе, не боларын елестетудің өзі мүмкін емес. Егер мұндай құбылыс болмаса, онда өсімдіктер тіршілігін жоюы сөзсіз. Қуаңшылық кезінде жапырақтардың түсуі немесе жыл маусымдары бойынша жануарлар жабыны түсінің өзгеруі осындай өзгергіштіктерге мысал бола алады.

Онтогенетик. өзгергіштік организмнің не клетканың жеке даму барысында заңды түрде болатын өзгергіштігін іске асырады. Бұл кезде генотип өзгеріссіз қалады. Өзгергіштіктің бұл түрі – тірі организмнің онтогенезінің әр түрлі сатысындағы не клетканың тіршілік циклінің бір геном мөлшеріндегі қызметімен іске асырылады. Өзгергіштік – популяция мен түрдің тіршілік ету ортасының өзгеру жағдайына бейімделуін қамтамасыз ететін, эволюцияның маңызды факторларының бірі.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]