Банар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Банар
Ba Na
Бүкіл халықтың саны

160 000

Ең көп таралған аймақтар

 Вьетнам

Тілдері

банар тілі, вьетнам тілі

Діні

анимизм, тотемизм, христиан

Банар (бахнар, бана вьетн. Ba Na) — Вьетнамда тұратын таулы кхмер тобының халқы (Зялай, Контум, Фуйен, Биньдинь және Куанггай провинциялары).[1] Саны 160 мың адамды құрайды.[2]

Банар сөзі кхмер тіліндегі пном (ភ្នំ) сөзіне ұқсас, бұл тау дегенді білдіреді. Банарлардың Боном, Джолонг, Ронгао, Толо, Крим, Рох, Конкоде, Голар және т.б. сияқты көптеген атаулары бар.

Бана қызы

Сырт келбеті

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Банарлар өте ұзын емес, орташа бойлы, терісі ақшыл түсті, бұйра емес тік қара шашты.[3]

Банар тілінде сөйлейді. Диалектілері: алаконг, банар, бонам (банар), ренгао, голар, йолонг, контум, кре(м), толо. Вьетнам тілі де кеңінен таралған. Жазуы латын әліпбиіне негізделген.[4]

Дәстүрлі діні – анимизм, тотемизм. Банарлардың бір бөлігі христиан дінін қабылдаған.

10 ғасырға дейін банар халқы сыртқы әлеммен аз байланыста, жабық және бейбіт өмір сүрді. 1150-1470 жылдар аралығында банар халқы мен орталық таулы аймақтарда тұратын кейбір этникалық топтар Чампа империясының билігінде болған. 1471 жылы Ле Тхань Тонг Чампаны қиратып, Банар тайпасын Чампа билігінен босатады. Одан кейінгі ғасырларда Банар тайпасы Лаос пен Таиландтың азды-көпті ықпалында болды.

Егін жинау себеті

1771 жылы Банар тайпасы мекендеген аймақ үш ағайынды Нгуен Нхак, Нгуен Хю және Нгуен Лу Нгуенге қарсы алғашқы рет қарсылықтарын көрсетті. 1954 жылдан 1975 жылға дейін Банар тайпасы мекендеген көптеген аудандар Вьетнам соғысы кезінде американдық әскерлердің ықпалына түсіп, революцияға әкелді.

Қазіргі уақытта банарлар Вьетнамдағы ұлттық азшылық болып саналады.[5]

Негізгі кәсіптері – қолмен атқарылатын немесе суармалы егістік (күріш, жүгері, батат, мақта, кендір, көкөністер), мал шаруашылығы (буйвол, бұқа, ешкі, құс өсіру), аңшылық және терушілік. Дәстүрлі қолөнері – тоқымашылық, қыш бұйымдарын жасау, ауылшаруашылық құрал-саймандарын жасау.

Банар халқының тоқылған бұйымдары төзімділігімен және әдемілігімен танымал және олардың өнімдеріне күріш өңдеуге арналған ыдыстар, балық аулау құралдары және күнделікті өмірде қолданылатын басқа да ыдыстар кіреді. Әйелдер тоқыма станогтарын пайдаланып киім тігеді және киімдерге түрлі үлгілерді жасайды. Сол сияқты, олардың киімдері де әдемілігімен және беріктігімен танымал. Бұрын әр Банара ауылында бір-екі ұста болатын. Олардың негізгі жұмысы қару-жарақ, ауылшаруашылық құралдары мен тұрмыстық ыдыстарды жөндеу болды. Олардың ауылдағы мәртебесі айтарлықтай жоғары болды.[6]

Өмір салты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қоғамдық ұйымның дәстүрлі түрі – сайланбалы ақсақалы бар көршілік қауымы. Отбасы шағын, неке патрилокальды. Банарлар өмірлік серігін іздеуге және таңдауға еркіндік береді, неке дәстүрлі түрде жасалады. Жас жұбайлар әр жақта біраз уақыт кезектесіп тұрады, екі жанұяның келісімі бойынша тұңғыштары дүниеге келген соң өз үйлерін салады.

Ронг үйі

Дәстүрлі баспаналары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ауылдары шарбақтармен қоршалған. Тұрғын үйлері қадаларда орналасқан, үш бөлмелі. Бірнеше ондаған адамнан тұратын туысқан топтарға арналған ұзын үйлер бар. Елді мекеннің ортасында трапеция тәріздес үлкен әдемі Ронг үйі бар, бұл ауылдың қақ ортасында зәулім де әдемі көзге көрнекі жерде орналасқан. Бұл үй ауылдың бас кеңсесі, ауыл ақсақалдары бас қосып, әлеуметтік мәселелерді талқылайтын, ауыл адамдары бас қосатын, үйленбеген ер-азаматтар мен жесірлер ұйықтайтын, ырым-тыйымдар өтетін жер, қауымның әдет-ғұрыптары орындалады, сонымен қатар олардың ауылдағы бейтаныс адамдарды қарсы алатын жері.[7]

Дәстүрлі киімдері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Банар әйелінің дәстүрлі костюмі кестелі белдемше және жемпір, олар басқа ұлт өкілдерінің әйелдерінің белдемшелері сияқты ұзын кимейді. Олардың етегі тізеге дейін ғана болады. Әшекей бұйымдар - моншақтар, білезіктер, сырғалар, сақиналар. Банар халқының ерлер киімі діни құндылықтарды, нанымдарды қамтиды, сонымен қатар оны киетіндердің әлеуметтік жағдайын білдіреді. Мереке күндері банар ерлері жиі дәстүрлі ерлер киімін - жиектері мен кестелері бар белдік және жеңсіз кеудеше киеді.

Қоғамның дамуымен қатар, қазіргі кезде негізінен банарлықтар дәстүрлі киімдерін мерекелерде және жаңа жыл қарсаңында пайдаланып, өз халқының төл мәдениетін сақтауға атсалысуда.[8]

Дәстүрлі тағамдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Негізгі тағамдары - күріш, тәтті картоп, маниок және көкөністер. Мереке күндері ет жейді.[9]

Мифтер, аңыздар, ертегілер, батырлық эпостар, әсіресе музыкалық фольклорға өте бай.[10]

Атақты тұлғалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Дин Нуп — француз отаршылдық режиміне қарсы соғыста ауыл тұрғындарын басқарған қаһарман,
  • Я Док — қаһарман, Нгуен Нхактың әйелі,
  • Сиу Блэк — танымал әнші.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Банар. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  2. Банар. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  3. Банар. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  4. Банар. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  5. Банар (Бана) халқы. Вьетнам. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  6. Әлем халықтарының энциклопедиясы. Банар. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  7. Банар. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  8. Банар халқының дәстүрлі киімдері. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  9. Банар. Тексерілді, 9 шілде 2024.
  10. Банар. Тексерілді, 9 шілде 2024.