Генри Форд

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Генри Форд
ағылш. Henry Ford
Генри Форд 1919 жылда
Генри Форд 1919 жылда
Туған күні

30 шілде 1863 (1863-07-30)

Туған жері

Спрингвеллс Тоуншип, Мичиган, АҚШ

Қайтыс болған күні

7 сәуір 1947 (1947-04-07) (83 жас)

Қайтыс болған жері

Дирборн, Мичиган, АҚШ

Азаматтығы

 АҚШ

Ұлты

Амеликалық (Ирланд ұлтынан шыққан)

Қызметі

инженер, өнеркәсіпші, өнертапқыш, индустриалист, магнат

Әкесі

Уильям Форд

Анасы

Мэри Литогот

Жұбайы

Клара Джейн Брайант ​

Балалары

Эдсел Форд

Қолтаңбасы

Қолтаңбасы


Генри Форд (ағылш. Henry Ford; 30 шілде 1863 жыл7 сәуір 1947 жыл) — бірегей тұлға, бұл машина құрылысында революция жасаған – шын мәнінде жеке автомобильді ойлап тапқан адам.

"Дейтройт" заводындағы жиналғыш конфейер, 1923 жыл

«Форд десек, автомобильді меңзейміз, автомобиль десек, Фордты меңзейміз». Өткен ғасырдың 20-жылдары қарапайым американдықтар XX ғасырдың ең үздік бизнесмендерінің бірінің еңбегін мойындап, осылай деп айтушы еді. Генри Форд табысының тарихы – бұл тар жол тайғақ кешуден өткен ирландтық текті ауыл баласының заманауи капитализмнің негізін қалаушысына айналу жолы.

Генри Форд алты ағайынды болды. Отбасы өмірі бір сарынды өтуші еді: ата-анасымен бірге балалар үй шаруасын жасады, фермада жұмыс жасады, шошқа бағып, таң атқаннан кеш батқанша егісте ерінбей еңбек етті. Генри әкесінің фермасында мықты шаруа адамы бола алатын еді, бірақ мұны тағдыр жазбапты. Оны құрылғылар мен механизмдер әсері әлдеқайда көп қызықтыратын. Ұл бала үнемі бірдеңені бұрап, құрастырып, үйде кездесетін, қарапайым аспаптар құрылғысын зерттейтін, ағалары мен апаларының механикалық ойыншықтарын бөлшектеуші еді. Фордтардың отбасылық аңыздары бойынша үйде жаңа ойыншық пайда болса, балалар оны болашақ авто конструктордан «Тек ойыншықты Генриге бермеңдер!» деген айқаймен жасырушы еді.

Жас Форд 12 жасқа толғанда әкесі ұлына қалта сағатын сыйлады. Ал ол шыдамай, сол сәтте механизмін көру үшін оны ашып қарайды. Сағаттың тісті доңғалағының құрылғысын жылдам түсініп, ол аймақтағы сағаттарды жөндей бастады, сонымен қоса көрші-фермерлерлердің кофе ұсатқыштарын, молотилкаларын және басқа да механикалық аспаптарын жөндеп беруші еді. Осылайша Генри өзінің алғашқы ақшасын тапты.

Шамамен сол жасында ол оның келешек өміріне тікелей әсер еткен алғашқы «техникалық» толқынысын басынан кешірді. Қаладан фермаға ат арбамен қайтып келе жатқанда аттарды үркітіп, дәл жанынан ысылдаған үлкен өздігінен бумен жүретін машина – локомобиль ызғытып өтті. Сол күні жас Генри Форд өз өмірін механикаға арнайтынына өз-өзіне ант берді.

1879 жылы Форд 16 жасқа толғанда, ешкімге бір сөз айтпастан тағдырын сынау үшін Детройтқа жол тартты. Алдымен ол ағайынды Флауэрлердің кеме салу зауытына көмекші шебер болып орналасты, ал түнде сағат жөндеушінің көмекшісі болып, қосымша ақша табатын. Өмір ауырлап кетті, ақша тамаққа әзер жетуші еді, бірақ Генри мұнда бағасыз сабақ алды. Бірде зауыт инженері жас жігіттің аса ауыр арбаны әзер тартып келе жатқанын көріп: «аяқтарыңның саусақтарына тіреліп тырмыс, сонда бәрі де жақсы болады» деп айқайлады. Форд үлкен жолдасының оған кездейсоқ аяқ астында айтқан сөзін өмір бойы есінде сақтап қалды. Соңынан, ол Американың ірі авто өнеркәсіпшісі болғанда, ол бұл сөзді өзінің инженерлік зертханасының қабырғасына ойып жазады.

Форд құрастыру нысаны, 1913

Фордтың әкесінің фермасын тастап, өз өмірін механикалық аспаптарды зерттеуге бағыштаудың алғашқы қадамы сәтсіз аяқталды. «Вестингауз» фирмасының локомобильдерінде механик болып жұмыс істеп, велосипед дөңгелектеріндегі алғашқы арбаны құрастырып, жас жігіт тыныш ауыл өмірімен бірге оған 40 акр жер ұсынған әкесінің кеңесіне мойынсынып, фермаға қайта оралады.

Енді оның арманы ешқашан орындалмастай болып көрінді. Алайда Форд дегенінен қайтса, Форд болмаушы еді. Фермаға оралған соң, әкесі өтінсе де, ол машиналар туралы ұмыта алмады. Болашақ авто конструкторға көмек сұрап көрші-фермер келеді, ол ауыл шаруашылық астық басатын шағын машина сатып алған болатын. Ол «шайтан» арбасынан өлгенше қорқатын, және оған қай жағынан жақындау қажет екенін де білмейтін. Генри оған көмектесіп, астық басатын машинаны көршінің егісіне жұмыс жасауға шығарды. Сол кезде Форд аймақтағы техника тілін білетін бірден бір адам болды. Ол оған қомақты ақша төлейтін басқа фермаларда жұмыс жасай бастады.

Бірде қаптама зауыты орналасқан, көршілес фермада Генри «үнсіз Оттоны» – бумен емес, бензинмен жүретін машинаны көрді. Егер осы механизмді дөңгелектер мен рөлмен жарақтаса, ол өмір бойы армандаған – автомобиль жасалатынын бірден түсінді.

Детройтта Форд Эдисонның жергілікті электр компаниясына инженер қызметіне кірді. Түнде ол өз үйінің жанындағы кішігірім сарайда жоғалатын, мұнда ол өзінің болашақ автомобилінің қозғалтқышын құрастырушы еді. 1893 жылы Форд түні бойы көз майын тауысқан, өзінің бірінші моторын құрастырды. Генри өзін бақытты сезінді. Ол моторды арбаға орнатты – осылайша Детройтта бірінші автомобиль пайда болды. «Жұртшылық оған қоғамдық апат ретінде қарады, себебі ол көп шу шығарып, аттарды үркітетін еді, – деп келтіреді Форд сөзін «Вокруг Света» журналы – Мен қалада тоқтағанда үнемі менің арбамның жанында бір топ халық жиналатын еді. Егер мен оны бір минутқа қалдырсам, оны айдап көргісі келетін, бір қызық құмар адам табылатын еді. Соңынан мен өзіммен бірге шынжыр алып жүретінмін, егер арбамды бір жерде қалдырсам, оны шам бағанасына бекітіп кететін болдым».

Эдисонның электр компаниясының қызметінде Генриге басқарушы қызметті ұсынды, алайда Форд егер өз ар- манын жүзеге асырғысы келсе, оған басқаларға жұмыс істеуді доғарып, өз бетімен жұмыс жасау қажет екенін сезді. Жас бизнесмен қызметтен кетіп, оның жеке кәсіпорынына қаржы сала алатын компаньондарды іздей бастады. Бірінші жоба сәтсіз болды. Генри құрған «Детройт Автомобайл Компани» фирмасы алысқа барған жоқ – автомобильдерге сұраныс болған жоқ. Фордтың өздігінен жүретін экипажынан адамдар қорқатын еді.

Генри ұзақ уақыт оның жобасына ақша салуға келісетін одақтастар таба алмады, барлығы бас тартты. 1903 жылы ғана ол аңызға айналған «Форд Моторс Компаниді» тіркеді, ал өзі кәсіпорынның бас басқарушысы болды. Форд сынақ модельдерін — Ford A, Ford B, Ford C, шығара бастады, бірақ олар табысқа ие болмады. Өнертапқыш өз сәтсіздіктерінің себебін іздеуден жалыққан емес, күндердің күнінде оған ғажап ой келді: қарапайым және қолжетімді автомобиль жасау қажет. Тек бай адам ғана емес, қарапайым американдық сатып ала алатын машина. Сән салтанатты өмірге арналған емес, таң атқанда жұмысқа кететін, қарапайым клерктер мен фермерлерге арналған автомобиль. Генри бұл оны байытатын және Америкада машинаны ағылтатын ой екенін бірден ұқты.

Сонымен 1908 жылы дәл сол қоғамдық модель – халық арасында «Қаңылтыр Лизи» деген аяулы атқа ие болған, Ford T жасалды. Бұл автомобиль нарықты дүр сілкіндіріп, XX ғасырдың басындағы Американың нағыз символына айналды. Елеусіз өзгерістермен Ford Т моделі 1928 жылға дейін шығарылды. Оның алдында барлығы – қарапайым клерктер мен фермерлерден, бандиттер мен полицейлер бас иді. Бутлегерлер Ford Т-да контрабандалық виски тасыды, ал гангстерлер қылмыскерлерді дәл осы машинамен қуған полицейлерден қашты.

Генри Детройтта күніне мың автомобильге дейін шығаратын, тек қана Ford Т модельдерін құрастыруға арналған жаңа зауыт салуды шешті. «Лизидің» бірінен соң бірін шығаруды бастаған, өнертапқыш автомобиль бағасын $800-ден $400 дейін түсіруді ұйғарды. Бәсекелестер оған банкроттықты болжады, бірақ олар қателесті: Форд шынында да қарапайым американдық үшін автомобильді қолжетімді ете отырып, өндірісін жолға қоя білді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]