Жүніс хан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Жүніс Хан(1416/17 – 1487) – Моғолстан ханы (1469 – 87), Уәйіс ханның үлкен баласы. 1428 жылы (кейбір деректерде 1429) Уәйіс хан қайтыс болған соң оның балалары Жүніс Хан мен Есенбұғаны жақтаушы екі топтың арасында күрес басталды. Күресте Есенбұғаны қолдаушылар жеңіп шығып, Жүніс Хан 1433 – 34 жылдары 3 – 4 мың үймен Ұлықбекке барып паналайды. Кейін Иранда болып, онда 20 жылдай тұрып, мұсылманша білім алады. 15 ғасырдың 50-жылдары Мауераннахр билеушісі, Әмір Темірдің ұрпағы Әбу Сайид Жүніс Ханды Ираннан шақыртып алып, інісі Есенбұғаға қарсы жорыққа аттандырады. Жүніс Хан бұл ұрыста (1456) жеңіліп, Ферғана мен Жетісу шекарасындағы Жетікент қаласына (Әбу Сайид сыйлаған) орналасты. Есенбұға өлгеннен кейін (1462) оның баласы Дос Мұхаммед таққа отырады. 1469 жылы Дос Мұхаммед қайтыс болып, Жүніс Хан Моғолстанға хан болады. 1469 жылдың қарсаңында Жүніс Хан Ташкент пен Ферғанадан Ақсу мен Қашқарияға дейінгі жерді, Моғолстанның батыс бөлігі мен Қашқарияны өз қол астына біріктірген болатын. Жүніс Хан Дешті Қыпшақтағы өз үстемдігін нығайтуды көздеп, Қазақ хандығы иеленген Жетісуды өзіне қаратуға әрекет жасады. Сол жылы жоңғарлар Жетісуға шабуыл жасайды. Жүніс Хан Іле бойында Амасанжи бастаған жоңғар қолынан ойсырай жеңіліп, Сырдария бойына қашып кетеді. Бірақ оны Ташкент билеушісі қолға түсіреді. Бір жылдан соң Жүніс Хан босатылып, Моғолстанға жіберіледі. 15 ғасырдың 80-жылдары Жүніс Хан Әбу Сайид мирасқорларының талас-тартысына араласып, 1482 жылы Сайрамды, 1485 жылы Ташкентті бағындырды. Оның Мауераннахр қалаларын басып алу ойы іске аспады. Көп ұзамай Ж. х-ның қолында тек Моғолстанның батыс аймақтары ғана қалды. 1484 ж. Ж. х-ның баласы Сұлтан Ахмет әкесінен бөлініп, моғолдар мен қырғыздардың көшпелі ақсүйектерінің қолдауымен Қырғызстанда іс жүзінде тәуелсіз иеліктің негізін қалады. Ташкентте Ж. х-ның иелігін сұлтан Махмұд хан мұраға алды. Жүніс Ханның Мейір (Мехр) Нигәр ханым, Құтлық Нигәр ханым (Бабырдың шешесі), Хұб Нигәр ханым (Мұхаммед Хайдар Дулаттың шешесі), Сұлтан Махмұд хан, Сұлтан Ахмет хан, Сұлтан Нигәр ханым (Мырза ханның шешесі), Дәулет Сұлтан ханым есімді жеті баласы болған. Жүніс Хан Шағатай әулетіндегі ең көрнекті хандардың бірі болды. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати: “Өмірінің соңғы кезінде тариқат жолына түсті. Ол Құран оқыды, ақындыққа қабілетті, қызыл сөздің шебері болды” деп жазады. Ж. х. 1487 ж. Ташкентте қайтыс болып, Шейх Хауанд Тахур мазарының жанына жерленді. Жүніс Ханның қабірінің басына үлкен мазар салынған.[1]


Юніс хан, Жүніс хан (1415 не 1417-37) - Шағатай нәсілінен шыққан моғол ханы. Інісі Есенбұға өлген соң Моғолстанды биледі. Кейін Сайрамды, Ташкентті өзіне қаратты. Бірақ, оның Мауараннахр қалаларын бағындырмақ болған ойы жүзеге асқан жоқ. Абай «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегінде: «Әмір-Темір нәсілінен Құмар Шаих баласы, белгілі Бабыр патшаның шешесіменен бір туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентте хан болып, кішісі қазақты билеген», - деп, қазақ жерінде билік құрған Алаша хан атанған Сұлтан Ахметжан туралы дерек бере кетеді.[2]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9