Кебу

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кебу– заттың сұйық не қатты агрегаттық күйінен газ тәрізді күйіне (буға) айналуы. Әдетте кебу деп сұйықтықтың ашық бетінде өтетін булану процесі түсініледі. Қатты денелердің кебуі сублимация деп аталады. Молекулалардың жылулық қозғалысы салдарынан кебу процесі кез келген температурада жүруі мүмкін. Бірақ температура жоғарылаған сайын кебу жылдамдығы артады. Берілген тұрақты температурада тұйық кеңістіктегі (жабық ыдыстағы) кебу процесі сұйықтық (немесе қатты дене) үстіндегі кеңістік қаныққан буға толғанша жүре береді. Қаныққан будың қысымы (p) тек температураға (Т) ғана тәуелді әрі ол температураның жоғарылуына байланысты артады. Егер p сыртқы қысымға теңелсе немесе одан біршама артса, онда кебу қайнауға ауысады. Қайнаудың ең жоғары температурасы берілген заттың кризистік температурасы болып есептеледі. Кризистік температура мен қысым кризистік нүктені, яғни кебудің тепе-теңдік қисығындағы шекті нүктені анықтайды. Сұйықтықтан буға ауысқан молекула сұйықтықтағы молекулалық ілініс күшін жеңуі тиіс. Бұл күшке қарсы істелінген жұмыс (шығу жұмысы), сондай-ақ бұрын түзілген будың сыртқы қысымына қарсы істелінген жұмыс молекулалардың жылулық қозғалысының кинетикалық энергиясы есебінен атқарылады. Кебу нәтижесінде сұйықтық салқындайды. Сондықтан тұрақты температурада кебу процесі өтуі үшін заттың әрбір бірлік массасына кебу (булану) жылуы деп аталатын белгілі бір жылу мөлшері берілу керек. Кебу жылуы температураның жоғарылауына байланысты кемиді. Әсіресе, ол кризистік нүктенің маңында ерекше кеміп, нөлге айналады. Іштен жану қозғалтқышының, тоңазытқыш қондырғылардың, т.б. жұмысы кебу процесіне негізделген.[1]

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том